Қор туралы
Қазақстанда Президент Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды.Бағдарламаның алғашқы бағыты — халықтың мәдени мұрасы арқылы қазақстандықтардың ұлттық өзіндік санасын дамыту мен нығайтуға бағытталған. «Мәдени мұраның» екінші маңызды бағыты — ұлттық рухани қазынаның байлығын әлемге таныту.Бағдарламаның үшінші бағыты — ұлттық мәдени мұраны: тарихты, философияны, этнографияны, тілді, әдебиетті, кескіндемені, музыканы және басқа да салаларды зерттеу жүйесін қалыптастыру. «Мәдени мұра» бағдарламасы тек рухани-мәдени салада емес, бүкіл қоғам өмірінде маңызды кезең ретінде қазақстандықтар тарапынан зор ықыласпен қабылданды.
Осыған байланысты, «Мәдени мұра» – «Культурное наследие» мемлекеттік бағдарламасы Ұлттық стратегиялық жоба мәртебесіне ие болуына орай, «Құрманғазы атындағы мәдени және рухани мұраны қолдау қоры» да өз үлесін қосуға ниетті. Қор қазақстандық патриотизм рухында өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісіне, сондай-ақ тарихи және мәдени мұраны жан-жақты оқып-үйренудегі олқылықтарды толықтыруға, қазақ халқының көпғасырлық рухани тәжірибесін жүйелеуге атсалысуға шынайы ниет білдіреді. Бұл – ұлттың тарихи санасын күшейту мен кеңейтуге, сол арқылы мемлекетіміздің ең маңызды рухани іргетасын нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
«Құрманғазы атындағы мәдени және рухани мұраны қолдау қоры» қоғамдық қоры аталған бағдарлама аясында жоғарыда көрсетілген міндеттерді сапалы түрде іске асыру — Қазақстан халқының мәдени және рухани мұрасын, сондай-ақ оның көрнекті өкілдерін зерттеу, сақтау және насихаттау жүйесін одан әрі нәтижелі дамытуға ықпал етеді деп есептейді. Біз бұл жобаны жан-жақты қолдау — елімізді жоғары әлеуметтік, мәдени және рухани құндылықтары бар мемлекет ретінде көрсетуге, оның оң имиджін ішкі және халықаралық деңгейде нығайтуға үлкен себеп болады деп нық сенеміз!